Таласбек проза саласына ат басын 1980 жылдардың басында бұрды. Оның алғашқы жарық көрген «Атайы» аллегориялық әңгімесіне эпиграф ретінде сол заманда аса танымал ақын Роберт Рождественскийдің «Где и когда ты встречал без подножья вершину...» деген сөздері алынған. Аң патшасы арыстан адамзатқа: «Сен әлемді билейсің... Сен қожайынсың. Біз сенімен таласпаймыз және таласа алмаймыз ... Біз мұң құшағындағы жердің тарих қойнауына енеміз». Таласбектің әңгімесінде оқиғаның желісі аңдар патшалығында өрбиді. Қартайып, жасы келген аң патшасы бөрілердің көшбасшысы Атайыға билігін тапсырып, өзі патшалар жан тәсілім ететін тау басына ақтық сапарына аттану үшін кетеді. Осы уақытта орманда адамдар пайда болып, жаулап алу басталады, Атайы оларға қарсылықты басқарып, кейін өз серігімен бірге астаң-кестең болған орманнан қашады. Оқиғаның соңында ол хайуанаттар бағына жеткізіледі, мұнда ол тордың арғы жағынан жаны қалған арыстанды көреді. Бір қарағанда, повестің мәні экологиялық мәселе секілді болғанымен, автордың жақсы танитын оқырман бұл шын мәнінде отар халықтың тағдыры, оның құндылықтарының тарихы екенін ұғынады. Бұл әңгіме музыкалық аспаптар мұражайында жұмыс жасап жүрген уақытта жазылса керек. Таласбек сан мәрте дәстүрлі музыканттар бұл – диназаворлар мен мамонттар секілді мұражай экспонаттары екенін өкінішпен айтқан.
Автор мен иттер мен жылқылар туралы әңгімелер циклында хайуан мен адамның, халықтың тағдыры арасындағы сабақтастықты көрсетеді. Таласбек хамса жазуды жоспарлаған, хамса – бұл бір тақырыптағы бес туынды түрінде жазылатын шығыс үлгісі, жазушы ит туралы және жылқы туралы хамса жазуды жоспарлаған. Алайда, осы ойын жүзеге асыра алмаған, «Кәрі жылқы», «Үш аяқты ит», «Арылу» (құтылу, тазару, қайта жаңғыру) әңгімелерінің қолжазбалары сақталған, осы әңгімелердің барлығында осы сабақтастық жалғасқан. «Кәрі жылқы» әңгімесінде асау тұлпарды ұзақ жылдар бойы колхоз басшысының байлап ұстап, ашықтыру арқылы бағындырғаны туралы баяндалады. Араға жылдар салып, қартайған жылқыны бостандыққа жібергенде, ол әлі де байлауда тұрғандай секіруін жалғастырған.
Бастапқыда «Кәрі жылқы» әңгімесінің жалғасы қазақ ауыз әдебиетін зерттеуші жас ғалымның диссертациясын егде жастағы қазақ филологтарының қабылдамағаны туралы «Отырыс» әңгімесі болған. Басты кейіпкер зерттеушінің прототипі Таласбек өзінің жол бастаушы ағасы, ұстазы санаған Мұхтар Мағауин болған. Кім өшіргені белгісіз, әңгіме 80 жылдары «Жалын» журналына жалғасысыз басылып шықты, кейін Таласбек «Отырысты» көркемдік тұрғыда осал деп тауып, жалғасын жарияламауды жөн санаған. Мүмкін аға жазушыдан көңілі қалған болар. Бір қызығы, осы ертеректе жазылған әңгіме М.Мағауинның кейін жарық көрген «Мен» − «Я» романын күні бұрын болжаған секілді.
Идеологиялық шектеулер және жариялау барысындағы қиыншылықтармен бетпе-бет келгеннен кейін Таласбек 20 жылғы жуық уақыт көркемсөзден алшақтап кеткен. Жалғыз туындысы 1997 жылы менің Францияға қоныс аударып, сол жақта кинематографистермен жақсы қатынаста болған құрбымның тапсырысы бойынша жазылған Абылайхан туралы киноповесть «Көкбалақтың өлімі» болды. Дегенмен, жоба жүзеге асырылған жоқ.
Таласбектің прозасындағы оның автобиографиялық «Талтүс» - «Полдень» романының алатын орны ерекше, мұнда күйші қарттың тәрбиесіндегі баланың есею жолы баяндалған. Роман дәстүрлі формада жазылған. Бір уақытта оған сын айтушылар кейіпкерлердің үнемі дастархан басында отырып, ет жеп, шай және одан да күштірек сусындар ішетінін алға тартқан. Бір жағынан қазақ халқында музыка дастархан басында айтылатын болса, келесі жағынан, осындай отырыстар – әңгіме ішіндегі әңгіменің, кіріктірме новелланың шеңбері. «Талтүс» бір қырынан тәрбие туралы, есею туралы роман болса, екінші қырынан 20 ғасырдағы қазақ халқының дәстүрлі музыкасы, тарихын баяндайтын роман. Мұнда музыкалық дәстүр бойынша зор білім қамтылғанына байланысты, ол жарық көрген сәтінен бастап шертпе күй сыныптары үшін оқу әдістемесі ретінде қолданыс тапқан.
Таласбекке дейін де күй өнері және күйшілер туралы көркем туындылар жазған Әбіш Кекілбаев, Тәкен Әлімқұлов, Мұхтар Мағауин секілді жазушылар болды. Мағауинның 70-жылдардың ортасында жазған «Көкбалақ» романы Сүгіл Әлиев және Жүнісбай Стамбаевқа, яғни Таласбектің атасына арналған. Таласбектің атасы Мағауин романының бас кейіпкері – күйші Тоқбастың прототипі болып табылады (романда көркемдік ой-қиялдың үлесі басым екенін айта кету керек), романды жазу барысында Таласбек жазушыға музыка жағынан көп кеңес берген. Менің ютуб-арнамда «Жазба әдебиеттегі күй өнері» тақырыбында дәріс бар (
https://www.youtube.com/watch?v=FGOGNcO8Kw8).
Мамандар «Талтүс» романындағы музыканың сипаты ерекше екенін атап көрсеткен, олар мұны автордың өзі күйші болғанымен байланыстырады. Әрине, солай. Дегенмен де, Таласбектің ұзақ жылдар бойы 19 ғасырдағы күйші Тәттімбет туралы роман жазуға дайындық барысында өте көп музыкалық әдебиеттерді орыс тілінде, орыс тіліне аудармасында, оның ішінде, орындаушылық бойынша: оқулықтар, теориялық зерттеулер, күнделіктер және танымал орындаушылар – пианистер, скрипкашылар, гитаристери т.б. мемуарларын, педагогтар еңбектері және музыканттар туралы көркем шығармаларды көп оқығанын да ескеру керек. Қазақстандағы кітапханалардағы осы тақырыптағы барлық деректерді қарап шыққан болуы әбден мүмкін. Оның жұмыс дәптерлерінен: жүйелік каталогтың қандай да бір жәшігі, барлық кітаптарға тапсырыс беру сынды жазбаларды жиі кездестіруге болатын.
Әдебиеттерді осындай мұқият зерттеу Таласбектің музыкаға, оның ішінде, еуропалық музыкаға деген құштарлығымен ғана байланысты емес. Таласбектің өзі музыканы, орындаушылықты қалай сипаттауға болатынын мақсатты түрде іздегенін айтады. Домбырада орындаудың, өзі қалпына келтірген дәстүрді домбыра терминологиясын білу, ол үшін жеткіліксіз болды, ол ауқымы мен құралдарын кеңейту арқылы, шын мәнінде музыканы сипаттаудағы жаңа қазақ тілін қалыптастырды. «Тәттімбет сері» аяқталмаған романымен жұмыс барысында Таласбек: «Күйлер туралы бұрынғыларды қайталамастан баяндау қиын болып отыр, мен «Талтүсте», «Кәрі күйшіде» көптеген күйлерді сипаттап жаздым. Енді «Тәттімбетте» көптеген күйлерді жазуым керек, оның тізімін әзірлеп қойғаныммен, жаңа сөздер, образдар табу қиын болып отыр..» деп ой бөліскен.
Қазір шертпе күйлерді ойнайтын жас домбырашылар музыканы Таласбектің романындағы сөздермен сипаттайды. Олар мұны дәстүрлі тіл деп ойлайтын болса керек, дегенмен, бұл көп жағдайда Таласбектің зияткерлік ізденісінің жемісі. Ол романында: «Егер сен барлығын дұрыс жазған болсаң, онда тыңдармандар сенің күйің бірден тұтас және әзір қалпында пайда болғандай әсерде болады. Дегенмен, оның артында үнемі еңбек пен төгілген тер тұрады» деп жазған. Таласбектің музыканы сипаттау тілі, әдеби және сценарийлік шығармашылығы туралы да дәл осылай айтуға болады.
«Талтүс»-«Полдень» романы 2002 жылы Сорос-Қазақстан қорының конкурсының «Қазіргі қазақ романы» қазақ тіліндегі бөлімін басқарған әдебиет сыншысы марқұм Зейнолла Серікқалидың өтініші бойынша жазылған. Таласбектің прозадан алыстап кеткені соншалық, оған Таласбектің өзі қазақ әдебиетіндегі азаматтардың бірі ретінде өте қадір тұтқан Зейнолла ағаның және менің тарапымнан қысым көрсетуге тура келді. Конкурстың талаптарына сәйкес, романды жазып шығуға бір жыл уақыт берілді, алайда, осы жыл ішінде, Таласбек жұмысбастылығы мен сырқатын сылтау етіп жазбай жүрді, кейін бір ай ішінде «ақ қағазға ақтарыла салды».
Менің ойымша, романның мазмұны және формасымен байланысты мәселеден басқа, жазушының ұзақ уақыттық үзілістен кейінгі әдеттегі қорқынышынан да бөлек, Таласбектің басқа қиындықты еңсеруіне тура келген секілді. Оның балалық шағында жанына жара салған жағдайлар өте көп болған. Ол өз романында олардың аз ғана бөлігін көрсеткеннің өзінде ағылшын тілді аудитория романдағы тұрмыстық, отбасылық зорлық-зомбылықтың көптігіне таң қалған. Бірінші тарауда басым түрде көрсетілген зорлық-зомбылық картиналары: біріншіден, бала музыканттың және қазақ музыкасының бейнесін айқындау үшін, екіншіден, романның келесі тарауларында 20 ғасырдың екінші жартысындағы қазақтардың аутоагрессиясының тарихи себептерін ашып көрсету үшін қажет болды. Аталған мәселе Таласбекті жиі мазалайтын еді, ол тіпті "Аштық пен соғыс" тақырыбында мақала жазып, кейін толық зерттеуді жоспарлаған.
Романды жазып шығу Таласбекке психотерапевтік әсер көрсетті. Соңғы бөлімі – өгей анасымен қоштасып, татуласуы – толықтай ойдан шығарылған. Өмірдегі жағдай басқаша болған. Алайда, жазу процесінің соңында Таласбек: «Мен жазу барысында оны кешірдім, сол үшін финалды өзгерттім» деген. Романды ауыр көріністермен шектен тыс жүктемеу мақсатында ол балалық шағында көрген барлық қиыншылықтарын жазған жоқ, олардың барлығы тек жазушының өз жүрегіне салмақ болып қалды.
Көптеген оқырмандардың, оның ішінде, психологтардың алған әсерін бақылай келе, романның оқырмандар үшін де психотерапевтік әсері бар деген қорытындыға келдім. Таласбектің өзі де осылай ойластырған болуы ықтимал. Оның бірде «Мен де эксперимент жасаймын, бірақ оны байқатпай жасаймын және ешкім көрмейді» дегені бар еді. Мысал ретінде ол романның алғашқы жолдарын келтірді: «Бақытты балалық шақ деген сөздің мағынасын ешқашан байыптаған емес. Тіпті, балалық шақ болып па еді, есіне түсіре алмайды. Әйтеуір бастан өткен бір тағдыр бар. Тәттісінен ащысы көп, қуанышынан өкініші, қамрығы көп. Бір ғана шын бақытты күн болыпты. Бүкіл дүние алаңсыз тіршілік жырына ұйыған жаз екен дейді. Екеуі қол ұстасып алыс көкжиекті бетке алып келе жатады. Жолда қаншама иісі аңқыған өзен-көл, ойран көгалдар, гүлі бұлықсыған қаншама жазира жатыр. Ешқайда бұрылмайды. Тек алға қарай жүре береді, жүре береді… Білегінен нық ұстап жетелеп келе жатқан бұл адамның кім екенін білмейді… Әйтеуір жақсы, мейірімді адам. Осылайша қанша күн жүргендерін де аңдай алмайды. Ұзаққа созылған бір күн сияқты… Сол адам бір күні жоқ болды. Оның қайда кеткенін, тіпті осы — өңінде көргені ме, әлде түсіне кіргені ме, оны да білмейді».
Таласбектің осы жолдары мифологиялық түс көру уақытына жетелейтін болса, екінші жағынан перинатальды естеліктер жұмақ қалпының, алтын ғасырдың архетипі негізінде болады деп есептеген Станислав Грофты еске салады. Романның соңына қарай, алғашқы махабаттын жоғалтқан кездегі уайыммен бірге осы мотив тағы байқалады.
Жас журналист Дина Елгезектің facebook қалдырған: "Таласбек ағам тірі болғанда, бізді жылататын талай сапалы дүние өмірге келуші еді, әттең!" – деген жазбасы бар еді. Бұл жерде мелодрамалық туралы сөз болып отырған жоқ. Таласбек саналы түрде оған жол бермеуге тырысатын еді. Ол нақты жағдайларды сипаттау барысында, эпизод аса сезімтал болмауы үшін қандай да бір сәттерін қалдырып кетуі мүмкін еді. Бұл жерде басқа құбылыс туралы сөз болып отыр.
Таласбек бұрын өмір сүрген тұлғалар туралы жазуға дайындалғанда, ол материалдар жинақтап, оны ойластырған. Алайда, осы тұлға туралы ойланғанда ерекше тебіреніп, көзіне жас келгенге дейін жазуды бастамайтын еді. Осы сезімді басынан өткізгеннен кейін ғана ол «Енді жазуды бастауға болады. Аруақ рұқсат етті, оның маған көңілі толды» деген сөздермен жазуға отыратын еді. Өткен дәрісте Таласбекке бала күнінде рухтарды айыру, кейбір аруақтар техникалары үйретілгені айтылған болатын.
Таласбек ұстазы Мұхтар Мағауин үйреткендей туындыларын алшақ қалыпта, «салқын жүрекпен» жазуға тырысқанын айта кету керек. Алайда, бұл Таласбектің қолынан келмеді. Бұл екі таланттың табиғаттары мүлдем өзгеше еді. Таласбектің досы журналист Жәнібек Сүлеев Таласты өзінің газетіне жұмысқа шақырып, ол келмей қойған соң: «Такеда – бұл ядролық реакция, ол газетті ғарыш орбитасына шығаруы немесе жарып жіберуі мүмкін» деген.
Таласбектің бойында сақталып қалған бала мінезі бар еді, ол өнер туындысы немесе қандай да бір оқиғаны жүрегіне жақын қабылдап, жас балаша көз жасына ерік бере алатын. Жалпы, қазақ мәдениетінде ер адам, батырлар жылайтыны белгілі. Оны Қобыланды батырдың бейнесі растайды. Батырлар жырында басқа қалаларды жаулап жүрген уақытында отаны жау қолында қалғаны туралы хабар алған Қобыланды көмек қолын созуға аттанады. Өз ауылының орны ғана қалғанын көрген батыр, жақындары тұтқынға алынғанын ойлағанда «Өксіп-өксіп жылады. / Жылап жатып батырдың/ Көзі кетті ұйқыға» деген жолдары бар.
Таласбектың жазған туындылары оқырмандардың (көрермен) жанын тебірентіп, көзіне жас келтіргенде ол көңілі толып: «Әлдекім жылағанын, көзіне жас келгенін айтты» деп бөлісетінін байқадым. Мен күліп: «Сенің мақсатың қазақ халқын жылату ма?» деп айтатын едім. Ал Таласбек болса, ерте заманда жылаған сопылар ордені болғанын, сопылардың: «Көз жасы – жүректің емі» деген сөзі бар екенін айтқан. Сол себепті, жылаған көрермендер мен оқырмандар – бұл Таласбектің жоспарлаған ойы да болуы мүмкін.
Қазіргі таңда роман тек түпнұсқалы тілінде ғана емес, БҰҰ тілдерінде, менің аудармамда орыс тілінде де оқырманға қол жетімді. Мен романды аудару тұрғысынан көп ойландым. Себебі, бір уақытта Таласбекке оны аудару туралы ұсыныс жасағанымда, ол маған «Талтүс» - қазақи роман, оны жай ғана аударуға болмайды, мүмкін кейін оны орыс тілінде қайта жазып шығармын» деген болатын. Нәтиже көңілімізден шықты, орыс тілді оқырмандар тарапынан жақсы пікірлер айтылып, олардың көпшілігі кейін романды түпнұсқасынан, алғашқы рет өз туған тілдерінде оқыды. Америкалық, араб және испандық оқырмандардың оң пікірлері де бар. Америкалық ақын және филолог Тимоти Уолш тіпті: «Іf you want to fall in love with Kazakh literature, start with Asemkulov’s A Life at Noon...» деп жазған.
***
Таласбектің кинодраматургиясы негізінен тарихи тақырыптарды қамтыған, оның туындылары: Досқан Жолжақсынрвтың тапсырысы бойынша жазылған «Біржан-сал» және «Құнанбай», Абылайхан туралы «Көкбалақтың өлімі» (Хан жылқысының өлімі) сценарийі, «Томирис ханшайым», «Өгей» (Мұқағали Мақатаев туралы), «Жезтырнақ» өнеге-фильмі. Таласбектің бойында өмірден өткен тұлғаларды тану қабілеті зор болған, мысалы, көптеген көрермендер, Біржан-салды оның Таласбектің киносценарийіндегідей қалыпта қабылдады, драматургтың орасан зор еңбегін байқамайды. Шын мәнінде, Таласбек бала күнінен бері Біржанның өмірі мен шығармашылығын тамаша білген және өз білімін ғылыми зерттеулерге негіздей отырып, бір жылдан артық уақыт оны бейнелеу үшін ой үстінде жүрген. Сонымен қатар, актер Досқан Жолжақсынов басты рөлді ойнағысы келген, яғни, Біржан-салдың өмірінің соңғы кезеңін бейнелеу қажет болған, ал бұл туралы Досқанның қайын атасы Таласбек аса құрмет тұтқан тұлға Асқар Сүлейменов «Адасқақ» повесін және киносценарий жазылып қойған болатын. Ең соңында Таласбек Асқар Сүлейменов модернист ретінде Біржанның өз бейнесін қалыптастырды, дегенмен, бұқара ең алдымен «негізгі» Біржанды тануы керек деген шешімге келді. Киносценарийінде егде жастағы серінің бейнесі құндылықтардың және отар қазақ қоғамындағы зиялылардың алмасуы тұрғысынан көрінген.
Құнанбай туралы киносценарий және Тәттімбет туралы роман бірінен кейін бірі жазылғандықтар, мен жұмыстардағы айырмашылықты байқай алмадым. Тарихи роман – мұрағаттардан, ауызекі әңгімелерден алынған, кейде ойдан шығарылған көптеген тарихи, этнографиялық, музыкатанушылық мәліметтерді, кейіпкер өміріндегі оқиғаларды балқытып араластыратын домна іспетті. Күн сайын романның 1-2 парағына орасан зор көлемдегі ақпарат өңделеді. Ал киносценарийде кейіпкердің өміріндегі нақты эпизодтарға орын табыла бермейді, олар қандай да бір себептермен фильмде көрсетуге жарамсыз болады, осы себептен, жинақталған мәліметтер қолданылмай, көрерменге автордың ойын, оның түсінігіндегі кейіпкер тұлғасын жеткізу үшін мүлдем жаңа эпизодтар шығарылады.
Театр және мультипликация режиссеры, Таулы Алтай Республикасының еңбегі сіңген қайраткері Тамара Муканова-Мендошева: «Драматургияның заңдылықтары Аристотель заманынан бері белгілі, мен білетін авторлардың ішінде тек Чехов пен Таласбек қана осы заңдылықтарды ескермей, алайда қызығушылықты сақтай алады» деген. Таласбекке бұл ерекшелік күй өнерінен берілген секілді. Екі бастаманың қарама-қайшылығына негізделген еуропалық драматургияның заңдылықтары еуропалық классикалық музыкадан көрініс табады, ал күйдің құрылымы мүлдем басқа болып келеді.
«Біржан сал» фильмі жарыққа шыққаннан кейін Біржанның ағасы Нұржанның рөлін ойнаған актер Саят Мерекенов банкет кезінде Таласбекке: «Біз қазақ актерлері жалпы жаман емеспіз. Алайда, көп жағдайда режиссер де, сценарист те қалай ойнау керек екенін түсіндіре алмайды. Сен жазған сценарийдің ерекшелігі мұнда әр кейіпкердің өз ақиқаты бар, әр актер өз рөлін түсінеді. Мен қазірге дейін менің Нұржанымдікі дұрыс екеніне сенімдімін!» деген болатын. Фильмде Нұржан інісімен бірнеше мәрте сөзге келіп қалғаннан кейін, оны байлап қоюды бұйырады, Біржан арқанның қажап тастаған орны іріңдеп, соның салдарынан өмірден өткенін естеріңізге сала кетейін. Фильмде Біржан өмірден өтерінің алдында ағасымен қоштасып, оның үнемі өзіне жақтасатынын есіне алып, алғыс айтады, ал Нұржан жылайды. Таласбектің шығармашылығында шын мәнінде өз ақиқаты жоқ кейіпкерлер де жоқ. Бұл оның соцреализм шеңберінде қалыптасқан жазушылардан ерекшелігі болып табылады. Бұл Таласбектің адамдарға деген сүйіспеншілігін де көрсетеді.
Жақсылық пен жамандық тақырыбы Таласбекті метафизикалық, діни, әлеуметтік, психологияық тұрғыда қызықтырған. Есейіп, толық қалыптасқаннан кейін де ол осы тақырыптағы философиялық және психологиялық әдебиеттерді оқитын еді. 1990 жылдардың соңында күнделігіне жазған сөздерінен мысал келтіретін болсақ: «Жақсылық жамандыққа мұқтаж. Олар мәңгі серіктес. Жақсылық тек жамандықпен салыстырғанда ғана өзінің жақсылық екенін көрсете алады. Жақсылық өз алдына жақсылық емес. Жамандық оның мәні (парқы) секілді. Сонымен қатар, белгілі психологтар жақсылық – бұл жамандықтың шарасыздығы екенін дәлелдеген. Жақсылық тәжірибесіз болмайды. Жамандық бұл жақсылықтың тәжірибесі. Жамандық – бұл жамандықтың мәнмәтіні. Жақсылықтың мәні айқындалатын мәнмәтін...Қазірге дейін ешкім де жақсылықтың дәл анықтамасын бере алмаған. Жақсылық тек жамандықпен салыстыру арқылы ғана танылады. Шындыққа біршама жақындағандар Достоевский, Фрейд және Юнг. Өз зұлымдығын туындысында бейнедей алған суретші – гений. Ол өз құштарлығынан жоғары.
Жақсылық жаман бола алмаған адамның осалдығы. Жамандық даналық. Жақсылық осал, оның тіпті сипаты да жоқ. Бар болса да оны жамандықтан алады. Жақсылықтың дәл анықтамасы да жоқ. Алайда – бұл субстанция емес, қандай да бір нәрсенің туындысы екені анық. Ненің туындысы екені – әлі белгісіз.
Осы себептен, қазақ (түрлі) музыкасының бастауында әскери каста тұрады. Соғыс, әскери өнер, әскери тәжірибе үнемі зорлық-зомбылықпен, қантөгіспен т.б. қатар жүреді. Жамандықтың ұлы күй өнеріндегі осы күрделі сублимациясын әлі де түсіндіру, психологиялық, эстетикалық негіздеу керек. «Әлемдік жамандық билейді» деп айтқан – дана адам. Осы ойды дамытып, әлемді жамандық басқарады, бірақ әділетсіздік тұрғысынан емес, жай жамандық деп айтуға болады».
Таласбек осы тақырыпта «Жезтырнақ» киносценарийінде және «Бекторының қазынасы» повесінде қалам тербеген. Осы туындыларда басты кейіпкер – қазақ халқы арасында зұлымдығымен танымал қара ниетті жаратылыс – жағымды кейіпкерге айналады, адамды сынап, оны абсолютті жақсылық тұрғысынан сынайды. Екі мәтін де, он күн уақыт ішінде жедел жазылған: «Жезтырнақ» ақысы төленбеген тапсырыс түрінде жазылса, «Бекторы» - балалар мен жасөспірімдерге арналған әдебиет конкурсына арнап жазылды, мұнда да Таласбек жеңе алмады. Қазір повесть университеттегі қазақ әдебиеті курстарында талқыланады және гуманитарлық гимназияларға арналған 11 сыныптың әдебиет оқулығына енгізілген. Мен осындай талқылауларға бірнеше мәрте қатыстым, алайда, тіл маманы болмағандықтан, олардың мән есімде қалмады.
«Жезтырнақтың» сценарий қалай жазылғаны туралы айта кетейін. Тапсырыс беруші – онша танымал емес, алайда, өте сұлу орта жастағы акриса – «детектив және экшн элементтері бар мистика» жарын таңдады. Таласбек оның фотосуретін сұратып, бірнеше күн қарап жүрді де, әлдебір ғажайыппен жас сұлуға айналып, тұрмыс құрған Жезтырнақ туралы сюжетті ойлап тапты. Алайда, ол әділетсіздікке куә болса, түнде қайтадан Жезтырнаққа айналып, әділдікке жету жолында өлтіретін болды. Тергеу жүргізілді. Сценарийді жазу және ойластыруға небары 10 күн жеткілікті болды. Бұл жағдайда, Таласбек оқиғаларды ойдан шығарып жазу барысында үнемі телефон арқылы басқа тақырыптарға сөйлесіп, анекдоттар айтумен болды.
Сценарий екі қазақ сарбазының қалмақтармен соғыстан қайтып, олжасын, оның ішінде, екі қыз және екі жас баланы алып келе жатқанынан басталады. Таласбек сценарийге өзінің көптеген ойларын арқау етті. Мысалы, соғыс барысында тұтқынға түсіп және өз еріктерінен тыс жау халықтың өкілдеріне жар болып, олардан ұл туып және кейін осы ұлдарын өз туған халқымен соғысқа аттандырған тағдыры туралы ойы баяндалған. Осы тақырыпты Таласбек әулие Бекет-ата сценарийінің қолжазбаларында да қозғайды (өкінішке орай, бұл тапсырыстан кейін бас тартылды).
Бастапқыда олжа ретінде әкелген қалмақ балалары жай фондық кейіпкерлер болған, Таласбек таныс моңғолтанушыға қоңырау соғып, ескі есімдер сұрады және кейіпкерлерін Очир және Самбу деп атады. Сценарий оқиғалары автор үшін ерекше өрбіді. Балалардың әпкелері өздерін тұтқынға алған қазақ батыры Байбураға аяныш сезімінің нәтижесінде ажал құшты. Басты кейіпкер – үйленбеген жас батыр Байбура балаларды асырап алады. Қолжазбаның кезекті бөлімін оқып шыққан соң, «Очир және Самбуды не істейің, олар енді фондық кейіпкер емес пе?» деп сұрадым Таластан. Талас: «Мен осыны түсінбейді деймісің, мен бар ойым осыларда!» деп жауап берді. Ұлдар әскери тәлім-тәрбие алып, қалмақтармен соғысқа аттанады. Шайқасқа жеңіске жеткен Байбура ұлдары Очир мен Самбуды іздейді, олар өз өмірлеріндегі алғашқы шайқасына жас сарбаз – ұландар қатарында қатысып, қаза табады.
Қайғыдан қан жұтқан Байбура қолбасшылардың бірі қалмақ баласын өлтіргелі тұрғанын көреді. Қазақ халқы басқа да дала халықтары секілді бойы арбаның өсінен аспайтын балаларды тұтқынға алып, ал 2-3 жастан асқан баларды өлтірген. Бұл өте қатыгездік болғанымен, екінші жағынан олар олжа болған балаларды тұтқынға алмай, асырайтын болған, ұлдар туғандарын ұмыта алады, ал ересектеу балалар ұмытпай, кейін өш алады деп есептелген. Айтпақшы, Олжас Сүлейменовтың есімі соның құрметіне қойылған арғы атасы Олжабай батыр осындай тұтқынға алынған балалардың бірі болған, қазақтың «олжа» сөзі «трофей» мағынасын береді. Кішкентай балаларға осындай қатынас Таласбектің жүрегін жаралағанымен, ол осы әрекеттің қатаң қисынын түсінген. Байбура өз ұлдарын аза тұтып, ересек баланы асырап алуға тырысады. Тапсырыс беруші сценарийді пайдаланған жоқ, алайда Оңтүстік Кореяда конкурста жеңіп шықты.
«Жезтырнақ» және «Бекторының қазынасы» мәні жағынан – қиял-ғажайып реализм, оның элементтері «Біржан салда» да домбыра өнерінің бірі Қойбас ананың бейнесінде де бар, бұл – басы қойдың басы түріндегі ана, сонымен қатар, фильмге енбеген сахнада поштабай соққыға жыққан Біржан өзінің атшысымен бірге мазарға қонғанда түнде, найзағай ойнап, мазардың үстінде жалғыз батырдың жау әскерімен шайқасы көрінеді. Ертесінде жерде осы шайқас іздері көрінеді. Біржан мұны атшысына «Бұл жердің түс көргені» деп түсіндіреді, ол «Мен жалғыз болсам, мұны көрмес едім» деп жауап қайтарады.
Өзі екі әлемнің ортасында өмір сүрген, түсінде және өңінде аруақтармен сөйлескен Таласбек қиял-ғажайып реализмді мойындаған жоқ, ол Габриел Маркесті де жақтырмайтын еді. Ол «Талтүс» романында өзі бала күнінде көрген және басынан кешкен жоралғыларды баяндаған жоқ. Өзі мұны оқырманның назарын музыкадан басқа нәрсеге аударғысы келмегенімен, оның музыка туралы әңгімесін байыппен қабылданғанын қалайтынымен түсіндірген. Таласбектің қиял-ғажайып реализмді қабылдамауың тағы бір себебі, оған жас кезінде «қияли» ретінде қарағанынан болап деп ойлаймын.
Тек соңғы жылдарда ғана Таласбек қиял-ғажайып реализмді саналы түрде қабылдап, Мәскеуден Маркестің көлемді биографиясына тапсырыс берді, Маркес, Данте және Мұқағали туралы зерттеу жазуды жоспарлады. Ол Мұқағали туралы киносценарийге бірқатар мистикалық эпизодтар қосты. Таласбек орыс тілінде жазылған киносценарийіне «Өгей» деген атау бері (өгей –асыранды бала мағынасында, өгей шеше – тумаған анасы). Бұлай атауының себебі: суретші үнемі жетім, жердегі асыранды. Таласбек өзін осылай көрді, ол сценарийде ақынның өмірінен материалдарды мүлдем дерлік қолданған жоқ. Сценарийді оңтайлы, әдеттегі аудиторияға түсінікті ету мақсатында, оны менің аяқтауыма, ақынның өмірімен байланысты эпизодтар қосуына тура келді. Бұл да көмектеспей, тапсырыс беруші сценарийді ұнатқан жоқ.